Батыс Қазақстан облысының әкімі мен QazaqGaz басқарма төрағасы WEST OIL өндірістік алаңына барды

WEST OIL инжинирингтік компаниясына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов келді.

WEST OIL өкілдері делегацияны кәсіпорынның өндірістік қуаттарымен, заманауи жабдықтарымен және технологиялық үдерістерімен таныстырып, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мұнай-газ саласына арналған инженерлік шешімдер туралы баяндады.

Кездесу барысында отандық өндірісті дамыту, өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту және одан әрі ынтымақтастық перспективаларына ерекше назар аударылды.

Бұл мәселелер өңірдің мұнай-газ саласындағы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы аясында ерекше өзектілікке ие. Атап айтқанда, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы Қарашығанақ кен орнында жаңа газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) салу бойынша EPC-келісімшартқа қол қойды. Жобаны жүзеге асыруға халықаралық Hyundai Engineering (Корея Республикасы) және SICIM (Италия) компаниялары тартылды.

Жаңа зауыттың құрылысы Қазақстанның газ өңдеу саласын дамытудағы маңызды кезеңге айналып, қажетті өндірістік және инженерлік құзыреттері бар отандық кәсіпорындар үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Өнеркәсіп және сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатқа сәйкес ішкі нарықты дамытуға, ашық әрі адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге, отандық өндірушілерді қолдауға, импортты алмастыру шараларын іске асыруға және ірі инвестициялық, өнеркәсіптік-инфрақұрылымдық жобалардағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға ерекше мән беріледі.

Мұндай кездесулер отандық өндірушілер, жергілікті атқарушы органдар мен ұлттық компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, өңір өнеркәсібін одан әрі дамытуға және қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз қалайды. WEST OIL компаниясы қонақтарға кәсіпорын қызметіне қызығушылық танытып, отандық өндірісті дамыту мәселелеріне назар аударғаны үшін алғыс білдіреді.